Жаңалықтар

20 тамыз 2015
Елбасы экономикалық саясаттың алдағы шаралары жөнінде кеңес өткізді

 

Кездесуге елдің ірі экспорттаушылары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның іскер топтарының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы қатысушыларға арнаған сөзінде әлемдік экономикадағы күрделі ахуалға назар аударды.


Дағдарыс барлық бағытта – шикізаттық тауарлар, валюта және қаржы нарықтары бағытында да дендеп барады, дамушы және дамыған елдерді де қамтыды. Бұл «дауылдан» ешкім сырт қалмады. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры әлемдік экономика өсімі жөніндегі болжамдарын тағы да 2,8 және 3,5 пайызға төмендетті. Мұнайдың әлемдік бағасының құлдырай түсуде. Ол былтырғы маусымдағы 115 долларлық шекті мөлшерден 48,5 долларға дейін төмендеді. 2011 жылы басталған металл құнының құлдырауы да байқалып отыр, баға индексі 45,5 пайызға төмендеді. Тек биылдың өзінде мыстың бір тоннасының бағасы 6300 доллардан 5100 долларға дейін құлдырады, – деді Қазақстан Президенті.


Нұрсұлтан Назарбаев мұнай мен металл бағасының төмендігі кемінде 5 жыл бойы сақталуы ықтималдығын атап өтті. Қазақстан Президенті біздің негізгі сауда серіктестеріміз Қытай мен Ресей тарапынан отандық экспорттық өнімдерге деген сұраныс күрт төмендегенін де айтты.


Бұл үрдіс де қысқамерзімді емес. Ресей экономикасының құлдырауы 2 есе күшейе түсті. Қытай экспортының көлемі 8,3 пайызға қысқарды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы 2014 жылдан бастап Америка доллары барлық әлемдік валюталарға қатысты нығайып келе жатқанына назар аударды.


Соңғы жылдың өзінде еуро долларға қатысты 26 пайызға, жапон иенасы   22 пайызға, Австралия доллары 27 пайызға, Канада доллары 23 пайызға, Норвегия кроны 35 пайызға, Малайзия рингиті 30 пайызға, Чили песосы – 18 пайызға, Бразилия реалы 55 пайызға арзандады. Біздің  Еуразиялық одақтағы серіктестеріміз де өз валюталарын құнсыздандырды: Ресей рублі 2 есеге жуық, Беларусь рублі 56 пайызға, армян драмы 17 пайызға түсті. Осылайша, Еуроодақты қоса алғанда, елдердің басым көпшілігі, шикізат экспорттаушы елдер, сондай-ақ Қазақстанның сауда серіктестері өз валюталарын құнсыздандыру шарасын жүргізді, – деді Қазақстан Президенті.


Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктің бағалауы бойынша, Қазақстан экспорты бірінші жартыжылдықта 73 пайызға азайғанын атап өтті.


Біз қазірдің өзінде кәсіпорындарымыздың бәсеке қабілетінің төмендеп, табыстарының азайғанын көріп отырмыз. Бұл жағдай кәсіпорындарда жұмыспен қамтылған еңбеккерлерге әсер етуде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сәйкес, көптеген кәсіпорынның Ресейге экспорты төмендеп кеткен. Бұған қоса, олардың Қазақстан нарығындағы өнімдерін ресейлік өндірушілер тықсыра бастады, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті Кентау трансформатор зауытын мысалға келтірді, оның Ресейге экспорттайтын өнімдері 47 пайызға қысқарған. Кәсіпорын 50 жұмысшыны жұмыстан босатқан, ал мемлекетке 30 миллион теңгенің салығы төленбеген. Алматы ашытқы зауыты өндіріс көлемін 50 пайызға азайтқан, ал кәсіпорынның шығыны 30 миллион теңгеге жеткен. Алматы желдеткіш зауыты өндірісін 47 пайызға төмендетіп, жұмысшылардың 20 пайызын қысқартқан.


Бұл – Қазақстан бойынша өте көп мысалдардың бір парасы ғана. Осының нәтижесінде жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу жайы нашарлауда. 2015 жылы бюджетке түспей қалатын табыс 264 миллиард теңге көлемінде бағаланып отыр. Сондықтан біз әлеуметтік саладан басқа шығыстардың көбін қысқартуға мәжбүрміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайда ел алдында іс-қимылдың үш нұсқасының бірін таңдау міндеті тұрғанын айтты.


Біріншісі – ештеңе істемей, теңге бағамын ұстап тұру және жағдайдың жақсарғанын күту. Алайда мұндай саясаттың өтемі өндірісті қысқарту, жұмыс орындарынан айрылу және алтын-валюта қорын түгесу болады. Екінші нұсқа – теңге бағамын біртіндеп әлсірету. Сыртқы нарықтардағы ахуал нашар әрі белгісіз болып тұрғанда мұндай жол да алтын-валюта қорын көп шығындайды. Сондықтан, бар мүмкіндіктердің бәрін есептей келе, мейлінше дұрысы теңгенің еркін айырбас бағамын енгізу және инфляциялық таргеттеуге көшу болмақ, – деді Қазақстан Президенті.


Нұрсұлтан Назарбаев мұның мәжбүрлі шара екеніне назар аударды.


Бүгінгі таңда бізде бұдан басқа балама болған жоқ. Біз барлық бағдарламаларымызды басқаша жоспарлағанымызды білесіздер. Алайда дағдарыс әрқашан өз түзетуін енгізеді. Дегенмен, біз жағдайдың бұлайша өрбуіне де дайындалдық. Индустриялық-инновациялық бағдарлама және өңдеуші өнеркәсіпті кеңейту, Ұлттық қор құру – осының бәрі осындай ахуалға күні бұрын жасалған дайындық, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті Үкімет пен Ұлттық банктің шешімі экспорттаушылардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, еліміздегі шағын және орта бизнестің өтініші бойынша қабылданғанын атап өтті.


Бәсекеге қабілеттілікті қалпына келтіру арқылы біз шамамен миллионға жуық адам жұмыс істейтін кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтай аламыз. Отбасылық коэффициентін ескерсек, бұл 3,5 миллион қазақстандыққа әсерін тигізеді. Кәсіпорындардағы жағдайдың жақсаруы жұмысшыларыңыздың еңбекақы деңгейіне де әсер етуі тиіс. Келешекте ахуал жақсарады деп күтеміз, бұл дағдарысты еңсеруге, экономика өсімін әрі қарай қамтамасыз етіп, рецессияны болдырмауға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы тек айырбас бағамы есебінен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіру  мүмкін еместігін айтты.


Бұл уақытша қолдау. Одан кейін құрылымдық экономикалық реформаларды жандандыру бағытындағы жүйелі шаралар мен шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі кешенді шешімдер керек. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк менің тапсырмам бойынша қазір осындай құжаттар жиынтығын әзірлеп те жатыр. Салыстырмалы бәсекелік артықшылықтары бар негізгі салаларға көрсетілетін қолдау басымдық алуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.


Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық саясаттың жаңа жағдайларға бейімделуі тиістігін атап өтті.


Еңбек өнімділігінің өсіміне, жеке бизнестің қатысу үлесін ұлғайтуға негізделген сервистік-индустриялық модельге көшу керек. Мемлекет қолдау шараларын бәсекеге қабілетті компанияларға ғана көрсетуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті құрылымдық экономикалық реформаларды жандандыру бағытындағы жүйелі шаралардың қабылданатынына назар аударды.


Еңбек нарығы жұмыс жүргізудің жаңа жағдайларына бейімделіп, елеулі еңбек ресурстарының ауысуына дайын болуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы Үкіметке азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа үлгісін енгізуді, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысын және мүгедектерге жәрдемақыны, шәкіртақыны көбейтуді қоса қамтитын әлеуметтік бастамаларды іске асыру шарасын қазіргі жағдайды ескере отырып 2017 жылдан 2016 жылға ауыстыруды ұсынды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке халықтың айырбас бағамының өзгеруінен шеккен шығынын азайту мақсатымен жеке тұлғалардың 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдайға сәйкес теңгемен ашылған және есепшоттарында 1 миллион теңгеге дейінгі қалдық сомасы бар шұғыл депозиттері үшін өтемақы төлеу тетігін енгізуді тапсырды.


Азаматтарға олар салымдарын арнаулы есепшоттарға қайта ресімдеп, оны банктерде бір жыл бойы сақтаған жағдайда өтемақы ретінде айырбас айырмасы төленетін болады. Бұл шара 1 миллион 700 мың адамды немесе барлық салымшының 86 пайызын қолдауға көмегін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті Үкіметке «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына қатысты тетікті де ойластыруды тапсырды.

Соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік көңіл-күйдің нашарлауына жол бермеу үшін қиындықтарға қарамастан барлық қажетті шаралардың қабылданатынын атап өтті.

Кеңес барысында «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ басқармасының төрағасы Ө.Шүкеев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы А.Мырзахметов, сондай-ақ Қазақстанның ірі кәсіпорындарының басшылары сөз сөйледі. Олар Мемлекет басшысына отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің артуына оң ықпал ететін қолдау шаралары қабылданғаны үшін алғыс білдірді. Кәсіпорындар басшылары өздерінің жұмыс орындарын сақтау, әлеуметтік міндеттемелерін орындау, өндіретін өнімдерінің көлемін ұлғайту жөніндегі ниеттерін жеткізді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар